БҚО-да мектеп ішінде төбелескен оқушы қыздар жауапқа тартылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 11-сыныпта оқитын қыздар мектептің спорт залы қасындағы киім ауыстыруға арналған бөлме алдында бір-бірімен жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқан.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқушылардың әрекеті мұғалімдердің арашалауынан кейін ғана тоқтатылған.
Атап айтқанда, бір-бірінің шашын тартып, ұрып-соққан, салдарынан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысында жасөспірімдер іс материалдарымен ішінара келісіп, басқа сыныптың қыздары жанжалды бірінші бастағанын көрсетті.
Олардың заңды өкілдері оқиғаны өздерінің қыздары мен мұғалімдерден естіп, білгенін растады.
Сот қатысушыларды тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дәлелдерге баға беріп, прокурордың оларды кінәлі деп тану керек екені туралы қорытындысымен келісті.
Қыздардың құқық бұзушылық жасағаны сотта берген жауаптарынан басқа, сот алды тексеру кезінде жиналған іс материалдарымен, куәгерлердің жауаптарымен, полиция қызметкерлерінің баянаттарымен, хаттамада көрсетілген мән-жағдайлармен толықтай дәлелденген.
- Жасөспірім қыздар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 434-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, олардың заңды өкілдеріне барлық құны 43 250 теңге айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сот арқылы жұмысына қайта орналасқан құтқарушы 2,3 млн теңге өндіргенін жазған едік.