БҚО-да мемлекеттік қызмет саласында 73 заңбұзушылық анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қазіргі таңда 458 мемлекеттік орган болса, мемлекеттік қызметшілердің штат саны - 4444, соның ішінде жетеуі - саяси қызметшілер, 19-ы «А» корпусы лауазымы, 4418-і - «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, 2016 жылы БҚО мемлекеттік органдары 1451 бос әкімшілік мемлекеттік қызмет лауазымдарына конкурстар өткізді. 645 бос лауазымға жалпы конкурс өткізілді. Осы конкустарға қатысқан 1305 үміткердің 467-сі мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік алды. Комиссия жұмысының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына 894 байқаушы, 733 сарапшы қатысып, бақылады. Жыл ішінде 1541 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланса, ол 1731-ге жетіп, 112 пайызға орындалды. 448 мемлекеттік қызметші қайта даярлықтан өтіп, 1274 қызметші біліктілігін көтерді.
Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың қолданылуына және мемқызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына қатысты департамент 43 тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет және қызметтік әдеп заңнамасы саласында 73 заңбұзушылыққа жол берілгендігі анықталды.
Өткен жылы әдеп жөніндегі кеңестің 11 отырысы өтіп, онда 73 мәселе қаралды. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты 54 тәртіптік іс қаралып, 32 адамға, соның ішінде 20-сына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін, 12-сіне Әдеп кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс беріліп, ол толықтай орындалды.
Өңірдегі мемлекеттік органдар мен басқа да қызмет орындары мемлекеттік қызметтің 328 түрін көрсетеді. Өткен жылы БҚО бойынша 4 571 110 қызмет көрсетілді. Бұл 2015 жылғыдан 1 386 084-ке немесе 30 пайызға артық.
«Департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Бұл орайда 27 мыңға жуық адамды қамтыған 381 іс-шара өткізілді», - деді Болат Исақов.
