БҚО-да Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай бірнеше шара ұйымдастырылып отыр

Бақытжан Хаберұлының айтуынша, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік желілерде «Менің рәміздерім - менің мақтанышым» атты шара өткізілуде. Бұл шара басты беттегі суретті www.zhastar-07.kz сайтындағы «Аватарыңды жаңарт» бөлімінде орналасқан арнайы аватаркаларга ауыстыру арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жастар арасында Мемлекеттік рәміздер тақырыбында тақырыптық бейнероликтер дайындалып, таратылуда. 3 маусым күні БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Менің Туым» эстафетасы мотоциклшілер, велошабандоздар, спортшылар, ескекшілердің қатысуымен өтіп, олар қала кіреберісіндегі «Орал» жазуынан жаңа алаңға дейін Мемлекеттік туды алып жүреді. Өңірдің бетке ұстар спортшылары қатысатын эстафета жаңа алаңда жастардың флеш-мобымен тәмамдалмақ. 4 маусым күні осы жаңа алаңда ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтіп, онда көк байрағымыз биікте желбіреп, Гимн шырқалады. Оған қоса сол күні таңертең барлық теміржол вокзалдарында бір мезгілде Гимн орындалса, қала көшелері мен қоғамдық орындарға «Менің Қазақстаным» атты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін шағын автобус шығады. Мереке күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында спорттық жарыстар жастардың патриоттық шарасына ұласпақ. Облыс аудандарында да авто және велошеру, басқа да түрлі мәдени-спорттық шаралар жоспарлануда.
Басқарма басшысы сонымен қатар аталмыш комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес биылғы сәуір айында инспекциялық топтың Сырым және Қаратөбе аудандарында мемлекеттік рәміздерді тексеру бойынша мониторинг жүргізгенін жеткізді. Тексеріс қорытындысына сәйкес кемшіліктердің көбі сол бойда түзетілсе, кейбір олқылықтардың орын алу себептері зерделеніп, оған кінәлі адамдарға шара қолданылды.
Тағы бір ескеретін жайт, «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына 2014 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес Елтаңбаның түсіне өзгерістер енгізілді және бұрынғы атауларға қосымша жаңа атаулар қосылды. Жаңа талап бойынша әрбір сатып алынған Елтаңбаның қолданылу мерзімі үш жыл болып шектелді. Барлық мекемелер Елтаңбаны биылғы 1 шілдеге ауыстыруы керек.