БҚО-да мердігер мектепті күрделі жөндеу жұмысын себепсіз созған
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмысын мерзімінде аяқтамау деректері анықталды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Ақжайық ауданы Базартөбе ауылындағы мектепті жөндеу 2022 жылы 4 тамызда басталып, 2023 жылы 19 наурызда тапсыру көзделген.
Әділхан Бәделханұлының сөзіне қарағанда, мердігердің кінәсінен жөндеу мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
Тек департаменттің араласуынан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2024 жылы 30 наурызда аяқтау жөнінде жаңа кесте жасалды.
«Мердігерге қатысты оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойылып, қанағаттандырылды. Сот шешімімен аталмыш ЖШС мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың республикалық тізіліміне енгізілді. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды», - деді Ә.Сабуров.
Департамент басшысының айтуынша, сол секілді Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің жатақханасын жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде (2024 жылғы қаңтар) бітпеді. Департамент ұсынысы бойынша нысандағы жұмыстар жандандырылып, күні бүгін жөндеу толық көлемде аяқталды. Жасөспірімдер үйінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, мердігерге қатысты талап арыз сотта қаралуда.
«Білім беру ұйымдарында қаражатты жоспарлау және жұмсау саласына мониторинг жүргізу барысында Сырым ауданының 1 195 қызметкеріне жалпы сомасы 259 млн теңгеге ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық жалақының 10 пайызы мөлшерінде үстемеақы төленбегені анықталды. Департаменттің араласуынан кейін Сырым ауданының білім беру бөлімі тарифтеу тізіміне өзгерістер енгізіп, жалақы қайта есептелді. Кінәлі адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қаржыландыру жоспарларын, тарифтеуді және штат кестесін зерделеу арқылы білім беру ұйымдарының 2024 жылға арналған бюджет қаражатын 249,4 млн теңге мөлшерінде тиімсіз жұмсауына жол берілмеді», - деді Ә.Сабуров.