БҚО-да «Мейірімді көктем» шарасы аясында 44 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл алғаш рет қолға алынған «Мейірімді көктем» қайырымдылық шарасы аясында 43675 адамға 18,5 млн теңге көмек көрсетілді. Оған қоса жергілікті бюджеттен 119,3 млн теңге бөлініп, ақшалай, тұрмыстық техника, басқалай сыйлық, азық-түлік түрінде жәрдем берілді. Бұл туралы бүгін облыстық қазақ драма театрында Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының ХХ сессиясында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Онда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында рухани жаңғыруға қатысты жаңа тапсырмалар жүктегені белгілі. «Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет», деген болатын Елбасы. Міне, осы тапсырма аясында өңірде қайырымдылық бойынша үйлестіру кеңесі құрылып, ізгілікті істер атқарылуда. Сондықтан «Мейірімді көктем» қайырымдылық шаралары тек көктем айларымен шектелмей, жыл бойы жалғасын табады. Осылайша, жақсылыққа бейім адамдар көбейіп, ортақ мақсат жолында біріккендер қатары молая түсетін болады.
Сананы жаңғырту дегеніміз - мемлекеттің тағдырына бей-жай қарамайтын пайым-парасаты мол, бәсекеге қабілетті, тарихи сауатты саралау. Болашаққа барынша қам жасай білетін прагматикалық ойлау жүйесіне ие тұлғаны қалыптастыру. Былайша айтқанда, ескі әдіс-тәсілдерден арыла отырып, шынайылық пен прагматизм алдағы онжылдықтардың ұранына айналуы тиіс. Бұл ретте өзінің мәдени-ағарту жобаларымен облыстық ассамблея көптеген қызметтерді атқара алады. Соның бірі - этностар күні. Бұл - Батыс Қазақстанда тұратын ұлттар өкілдерінің салт-дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамыту мен байытудың жарқын көрінісі. Бірлік пен келісімге бағытталған бұл жоба аясын бұрынғыдан да кеңейте түсу қажет.
«Мемлекет басшысының рухани жаңғыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыстық ассамблея алты бірдей жобаны қолға алмақшы. Іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыс комиссиялары, бастамашыл топтар құрылады. Ассамблея жүзеге асыратын маңызды жобаның бірі - «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Осыған орай аудандар мен Орал қаласы әкімдері облыстық ассамблеяға нақты көмек көрсетуі керек. Сол секілді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкетану жұмыстарын жандандырып, атақты түлектердің өз ауылдарына қолұшын созуына қолдау көрсету қажет. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда әркім өзінен бастап жаңалыққа қарай ұмтылып, өзгере білуі тиіс. Бәрі де өз ауласын таза ұстау, туған ауылының көркеюіне үлес қосу сынды қарапайым қадамдардан басталады. Сондықтан «Үздік елді мекен», «Үздік үй», «Үздік аула», «Үздік көше» секілді жобаларды қайта жандандырудың артықтығы жоқ. Мысалы, Зеленов ауданы Зеленый ауылында қазіргі кезде түрлі қала, өзге елдерде тұратын бұрынғы түлектердің белгілі бір күні бас қосып, туған жеріне көмектесетін игі дәстүрі бар. Сол себепті ассамблея Қазақстаннан тысқары жерлерде өмір сүріп жатқан жерлестермен де байланыс орнатып, жұмыс жүргізсе, еш артық емес. Әкімдер осындай жобалар бойынша бір ай мерзімде өз ұсыныстарын беруі керек. Сол секілді облыстық өлкетану қауымдастығын, өңір табиғатын кеңінен көрсету мақсатында арнайы фотоэкспедиция құру және Батыс Қазақстан облысы киелі жерлерінің картасын жасақтау қажет», - деді Алтай Көлгінов.
Сессияға қатысушылар да өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, облыстық ассамблеяның даму тұжырымдамасы бекітілді.