БҚО-да мүгедекті тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөкей ордасы ауданы прокуратурасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының қолдануына тексеру жүргізу барысында екінші топтағы мүгедек Р.Хамитовтың тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылып тасталғандығын анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО-да мүгедекті тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және тұрғын үй беру жөніндегі аудандық комиссия өткен жылғы 8 желтоқсанда аталмыш заңның 73-бабы 1-тармағы 4-тармақшасын  негізге алып, Р.Хамитовты тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінен шығарған. Заң талаптарына сәйкес үй кезегінде тұрған азамат жер телімін алған және үйін салып бітірген немесе сатып алған жағдайда ғана тізімнен сызылады. Алайда тексеріс барысында Р.Хамитовтың тұрғын үй кезегіне тұрған 2010 жылғы шілде айынан бері тұрғын үй немесе жер телімін алмағандығы белгілі болды.

Аудан прокуратурасының ұсынысымен тізімнен заңсыз шығарылған екінші топтағы мүгедек Р.Хамитов қайтадан есепке қойылып, оның конституциялық құқығы қорғалды. Сонымен қатар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ж.Мұхитов тәртіптік жауапкершілікке тартылды.