БҚО-да Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған республикалық әншілер байқауы мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында атақты әнші-композитор Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайыс алты алашқа ән оздырған сал Мұхиттың туған жері – Қаратөбе ауданында өтті.

Екі күнге созылған, үш кезеңнен тұратын байқауға Қазақстанның жеті облысынан 17 үміткер қатысып, бақ сынады.

Байқаудың шарты бойынша қатысушылар алғашқы кезеңде Мұхиттың кең тынысты туындысын және өз өңірінен шыққан халық композиторларының бір әнін орындады.

Содан кейін жеребе тарту арқылы дәстүрлі ән мектептерінен бір туындыны, өз қалауы бойынша халық әнін шырқады.

Соңғы кезеңде үміткерлер Мұхиттың «Айнамкөз», «Паңкөйлек» секілді туындыларының біреуін және өз қалауымен бір әнді тыңдарман назарына ұсынды.

«Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі Қайрат Кәкімов бастаған қазылар алқасының шешімімен маңғыстаулық Нұрым Асқанов бас жүлдені жеңіп алды.

Павлодарлық Дәуренбек Сламғалиев бірінші, батысқазақстандық, Қаратөбе топырағының түлегі Нұршат Исламғалиев пен атыраулық Байбақты Ідірбай екінші, алматылық Қайратбек Бектұрсын мен тағы бір атыраулық Фатима Серікбаева үшінші орынға көтерілді.

Мұхит тойына Алматыдан белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісова да арнайы келді.

Барлық қатысушыларға кәдесыйлар беріліп, жеңімпаз-жүлдегерлер дипломдарға қоса ақшалай сыйлықпен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар