БҚО-да нәрестелерді телефон хабарламалары арқылы тіркеу қолға алынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жаңа туған нәрестелерді телефон хабарламалары арқылы тіркеу қолға алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО әкімдігі «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Смарт сити» жобасы аясында жас босанған аналар перзентханада-ақ mgov мобильдік қосымшасы арқылы сәбиін тіркетуге мүмкіндік алды.
Осындай қызметті пайдаланып, қызының тууы туралы куәлігін алған Әлия Кәрімова халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Мұның реті мынадай, мобильді қосымшаға тіркелген жас анаға баласы дүниеге келгеннен кейін СМС хабарлама келіп, онда құттықтаумен бірге сәбидің атын тіркету үшін жіберу туралы ұсыныс жазылады. Қалған мәліметтерді тіркеуші орган тиісті ақпараттық жүйелер арқылы өзі алады. Қосымша мәлімет керек болған жағдайда ғана қызмет алушыдан сұрайды. Телефон хабарламасы арқылы баланың тууы мен оның күтіміне берілетін жәрдемақыны алу үшін банк есепшотын жіберуге болады. Сондай-ақ балабақша кезегіне тұра алады.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Расул Медетовтің сөзіне қарағанда, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының сегізінші тарауында «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызметке көшу, сондай-ақ оныншы тарауда «Смарт сити» тұжырымдамасын жүзеге асыру қажеттігі айтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде қолға алынып отыр. «Смарт ситиге» қоса Оралда қала тұрғындарына қолайлы болуы және олардың уақытын үнемдеу үшін «Ақылды қала» тұжырымдамасы енгізілуде.
Айта кетейік, күні бүгінге дейін 4 мыңдай әйел баласының дүниеге келгені жөнінде құттықтау мен оларды тіркету туралы ұсыныс жазылған СМС хабарлама алған. Дегенмен олардың әрбір алтыншысы ғана мұндай мүмкіндікті пайдаланып отыр.