БҚО-да наурызда коронавирусқа қарсы 1200-ден астам адам егілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында наурызда коронавирусқа қарсы 1210 адам егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуынша, соның ішінде 322-сі – педагогтар, 40-ы – құқық қорғау органдарының өкілдері.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, ақпан айында 1 мың медицина қызметкері «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) вакцинасының бірінші және екінші компонентімен егілген болатын.

Наурыздың 4-інде облысқа жеткізілген 6500 дозамен (3250 доза – бірінші, 3250 доза – екінші компонент) адамдар кесте бойынша егілуде. Бұл ретте ең алдымен бірінші кезеңде екпемен қамтылмаған медицина қызметкерлері, сондай-ақ педагогтар мен полицейлер егіледі.

«Күн сайын орта есеппен 200, бір аптада 1 мың адамды егу жоспарланып отыр. Осылайша әкелінген вакцинаның (3250 доза) бірінші компонентімен 5 сәуірге дейін егіп бітіру көзделуде. Облыстық білім басқармасы, полиция департаменті және басқа құқық қорғау органдарынан түскен тізімдер екпе жүргізетін медицина мекемелеріне жіберіледі. Вакцинация барысына күн сайын мониторинг жүргізіліп отырылады», деді А.Қалибеков.

Облыс бойынша 28 егу кабинеті 7 мемлекеттік қалалық емханада, 5 жеке мекемеде, сондай-ақ 15 аудандық және 1 ауылдық ауруханада жұмыс істеуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір аптада 413 адамнан коронавирус анықталғанын, індет жұқтырғандардың 57 пайыздан астамы Орал тұрғындары екендігін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар