БҚО-да «Nur Otan» праймеризіне қатысуға өтініш білдіргендердің 40 пайызы – әйелдер

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Nur Otan» праймеризіне қатысуға өтініш білдіргендердің 40 пайызы – әйелдер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевтың брифингте мәлім еткеніндей, өңірде үміткерлерді ұсыну мен тіркеу 17 тамызда басталып, 28-іне дейін жалғасады.

Қазірдің өзінде облыс бойынша 167 адам ниет танытып, 40 пайызы әйелдер болса, соның ішінде алтауы – көп балалы аналар. Сондай-ақ жастар да құштарлық танытуда, олар өтініш білдіргендердің 35 пайызын құрап отыр. Праймеризге әр түрлі жастағы, түрлі санаттағы адамдарды тарту көзделуде. Күні бүгін бұл жөнінен Орал қаласы, Бөрлі, Ақжайық және Жаңақала ауданы тұрғындары белсенділік көрсетуде.

-Биылғы праймериздің ерекшелігі, оның ашық және жариялы түрде өтетіндігі. Үміткерлерді бастауыш партия ұйымдары ұсынады. Сонымен қатар өзін-өзі ұсынуға да болады.

Праймеризге партия мүшелерімен қатар айтар ой-пікірі бар, өзіне сенетін, алдағы уақытта ел мүддесі үшін қызмет атқарамын деп бел буған азаматтар да қатыса алады. Біз оларды партия мүшелігіне алып, өз бақтарын сынауға жағдай жасаймыз, - дейді М.Мұқаев.

Үміткерлерге үгіт жұмыстарына дайындалу жеті күн (31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін) беріледі. Содан соң үгіт жұмыстары басталып, кандидаттар жария пікірсайыстарға қатысады.

Электронды дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтіп, дауыс берудің соңғы күні бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскесіне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Облыс бойынша 50 сайлау учаскесі белгіленді. Кандидаттардың рейтингтері көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады.

Дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу, оның қорытындыларын айқындау мақсатында өңірлік, аумақтық және учаскелік есеп комиссиялары құрылды.

«Облыста 27 мың партия мүшесі болса, солардың 85 пайызы онлайн түрде дауыс береді деп отырмыз. Ал интернеті жоқ шалғай елді мекендерде дауыс беру дәстүрлі түрде өтеді»,

деді Мұрат Мұқаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын облыс әкімі Ғали Есқалиев партияішілік сайлау өздеріне сенімді көшбасшыларды анықтайтыны жөнінде айтқан болатын.



Соңғы жаңалықтар