БҚО-да облыстық маңызы бар тағы бір жолды су басты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тағы бір жолдың үстіне су шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінен алынған мәліметке қарағанда, 5 сәуір күні сағат 17.20-да Теректі ауданы аумағында қардың еруінен және су өткізетін құбырдың жоқтығынан облыстық маңызы бар Федоров-Ақсай жолының 19-шақырымында су басқан. Оның ені 3 метр де, тереңдігі - 3-5 см.
«Жергілікті атқарушы органдардың күшімен кезекшілік (4 жұмысшы, 1 техника) ұйымдастырылды. Жолдың жай-күйі қанағаттанарлық. Қозғалыс тоқтатылған жоқ», деп хабарлады ТЖ департаментінен.
Айта кетейік, бұл - облыстағы биылғы төртінші жағдай. Бұған дейін Бөкей ордасы, Қаратөбе, Қазталов аудандарында жолды су басқан еді.
Оған қоса «Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес 7-8 сәуірде күннің жылынып, жауын-шашын болуына байланысты су деңгейінің көтеріліп, өзен сулары жайылуы мүмкін екендігі жөнінде БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап отыр.