БҚО-да өгей қызына сексуалдық сипаттағы зорлық жасаған тұрғын 20 жылға сотталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өгей қызына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет жасаған тұрғынға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш соттан мәлім еткеніндей, Орал қаласының П. деген тұрғыны ҚР ҚК 121-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Ол сондай-ақ педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға байланысты қызметтермен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.
Сонымен қатар жәбірленушінің заңды өкілінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан 7 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді.
Сотта анықталғанындай, аталған тұрғын 2008 жылғы өгей қызының дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
П-ның кінәсі жәбірленушінің және заңды өкілдің, куәлардың, сарапшылардың айғақтарымен, беттестіру, оқиға орнын, заттар мен құжаттарды қарау хаттамаларымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденген.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жазасын өтеушілерді ұрып-соққан колония қызметкерлерінің сотталғанын жазған болатынбыз.