БҚО-да он айда 310-нан астам тұрғын үй өртеніп, алты адам қаза тапты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биылғы он айда тұрғын үй секторында 310-нан астам өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның салдарынан алты адам қаза тапты.
Тұрғындар арасында сақтандыру шаралары жүргізіліп жатқанымен, өрт тыйылар емес.
31 қазан күні сағат 13.56-да Ақжайық ауданы Мерген ауылдық округінде Кіші кардон қыстағында тұрғын үйдің өртенгені жөнінде хабар түскен.
Аумағы 80 шаршы метрді қамтыған өрт 15.45-те оқшауланып, 17.41-де ауыздықталды. Оған 4 адам, 1 техника жұмылдырылды.
Бұл жолы зардап шеккендер болған жоқ.
Сол секілді тұрғындардың қысқа жинаған мал азығы да қас-қағымда күлге айналуда. Мысалы, 30 қазан күні Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылында 11,5 тонна пішен жанып кетті.