БҚО-да Орал қаласы мен 5 ауданда ауыл әкімі сайланды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы мен 5 ауданның ауылдық округтерінде әкім сайлауы өткізілді.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан мәлім еткеніндей, Ақжайық ауданы Қарауылтөбе, Бөрліде Бумакөл, Жәнібекте Қамысты, Тасқалада Достық ауылдық округі және Оралда Деркөл кенті әкімдерінің өкілеттігі аяқталған болатын.
Оған қоса Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округі әкімінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Осыған орай 2 маусымға сайлау белгіленген еді.

Орал қаласында Деркөл кенті әкімдігіне үш үміткер тіркелген. 15 118 сайлаушы тіркелген Деркөлде 7 сайлау учаскесі жұмыс жасауда.
Дауыс беруге бірінші болып келген сайлаушыға, кәмелет жасқа толып, алғаш рет өз таңдауын жасаушы жастарға, саяси науқанда ертемен отбасымен келген жанұяға демеушілердің атынан сыйлықтар табыс етілді.
Сол секілді Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық округінде саяси додаға тіркелген 2 кандидатқа дауыс беру үшін сайлаушылар тізіміне 774 тұрғын енгізілген.
«Бүгін — қамыстылықтар үшін маңызды күн. Негізі бұрын-соңды ерте келіп, дауыс бермейтін едім. Алайда, бұл сайлау мен үшін маңызды. Себебі ауыл әкімін дұрыс таңдауымыз қажет. Бұған дейін үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларын тыңдап, ауыл үшін жасайтын игі істерді де естідік. Мен өз таңдауымды жасадым. Алла қаласа, ауыл болып ауыл басшысын дұрыс таңдаймыз деп сенемін», деді Қамысты ауылының тұрғыны Марал Төлешев.
Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылдық округі бойынша барлық дауыс берушілер саны — 791 адам.

«Учаскеде сайлаудың әділ өтуін байқаушылар және үміткерлердің сенімді өкілдері бақылады», деді Ақжайық аудандық аумақтық сайлау қомиссиясы төрағасының орынбасары Светлана Стармаусова.
Бөрлі ауданы Бумакөл ауылдық округі әкімі лауазымына үш кандидат өзін-өзі ұсынған. Мұнда 698 сайлаушы тіркелген.
Сырым ауданы Жетікөл, Тасқала ауданы Достық ауылдық округтерінде де сайлау қалыпты өткізілді.