БҚО-да өрт сөндіруші 1 млн теңге тауып алып, иесіне қайтарып берді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өрт сөндіруші 1 млн теңге тауып алып, иесіне қайтарып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, Тасқала ауданы №13 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты Аманбай Нажмиддинов кешкісін туысқандарына бара жатқан кезде аудандық мешіттің жанынан әмиян тауып алған.
-Жерден әмиянды көтеріп, иесінің байланыс мәліметтерін іздей бастадым. Байқағанымдай, онда ірі көлемде ақша, жеке куәлік, шетелдік паспорт пен басқа заттар жатыр. Содан соң қалтама салдым да, туыстарыма жол тарттым, онда болған жайтты айтып, иесін танитын-танымайтындарын сұрадым. Кейіннен әмияннан иесінің телефон нөмірін тауып алып, тапқан олжам туралы айттым. Келесі күні ол келіп, әмиянын алып, маған алғысын білдіріп кетті, - дейді А.Нажмиддинов.
Кейін анықталғанындай, әмиян иегері Ілияс Сариев болып шықты, ол Таскала ауданының тумасы екен, Ресей Федерациясының Тобольск қаласында қызметте. Аманбайдың сөзінше, әмиянда тек Ілиястың ақшасы емес, өз отбасынан жырақта жүріп, нәпақасын тауып жүрген бірнеше адамның жалақысы да болған екен.
Өткен жылғы 16 желтоқсан күні болған бұл оқиға туралы көпшілік Тасқала ауданы төтенше жағдайлар бөліміне Ілияс Сариевтің жұбайы Жанна келіп, БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтың атына №13 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Аманбай Нажмиддиновты марапаттау жөнінде алғысхатын жазбағанда ,бәлкім, білмес те еді. Сонымен қоса ол басшылыққа жас қызметкерлерді адамгершілік қасиетке тәрбиелеп жүргендері үшін алғысын білдірді.
Осыған байланысты БҚО ТЖД басшылығы А.Нажмиддиновты марапаттау жөнінде шешім қабылдады.