БҚО-да өрт сөндіру кезінде құтқарушы қаза тапты

ОРАЛ. KAZINFORM — Оқиға Тау ауылдық округінің аумағында болды. Өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі Миршат Халиуллин көліктің астында қалып қойған. Көлікті әріптесі жүргізген.

БҚО-да өрт сөндіру кезінде құтқарушы қаза тапты
Фото: Алтай Бақтығалиевтің парақшасынан

БҚО Жәнібек ауданы Тау ауылдық округі аумағындағы өрт 3-қыркүйек күні болды. Алайда өрт сөндірушінің қазасы туралы ақпарат тек туыстарының жазбасы кезінде ғана айтыла бастады. Әлеуметтік желі қолданушысы әрі марқұм Миршат Халиуллиннің туысы Алтай Бақтығалиевтің жазбасына сүйенсек, Өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі Миршат Марсұлы Халиуллин қызмет бабында қаза тапты.

— Арнайы оқу орнын тәмамдап, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеді. Ұзынкөл ауылдық округі әкімі аппаратының статист қызметін атқарды. Одан кейін аудандық өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасып, өмірінің соңғы сәтіне дейін өз міндетіне адалдықпен қызмет етті. Миршаттың мінезі қарапайым, жүрегі таза, адамға жамандық ойламайтын, айналасына сыйлы азамат еді. Ол өзінің адамгершілігімен, еңбекқорлығымен және қарапайым болмысымен көпшіліктің есінде қалды. Өрт сөндіруші — жай ғана маман емес. Ол өзгелер қауіптен қашқан сәтте, қауіптің ішіне кіретін адам. Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірі мен дүние-мүлкін, табиғатты, елді мекендерді қорғау — оның күнделікті қызметі. Марқұм Миршат та сол міндетін атқарып жүріп өмірден өтті. Ол өзінің жеке мүлкін емес, еліміздің кең байтақ жерін өрттен қорғауға шықты. Өзінің амандығын емес, халықтың қауіпсіздігін ойлап қызмет етті. Сондықтан оның қазасын «бір жас жігіттің қайғылы өлімі» деп қана қабылдауға болмайды. Оның ел үшін атқарған қызметі мен ерлігі ұмытылмауы керек, — деп жазды ол. 

Kazinform тілшісі марқұм Миршат Халиуллиннің әкесі Марс Халиоллаұлымен хабарласты. Марқұмның әкесі оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

— Менің балам қолымда тұрды, үйдің асыраушысы еді. Ол өрт сөндіру қызметіндегі жұмысын 2016 жылы бастады. Өзім оқиғаның қалай болғанын білмеймін, бірақ мән-жайды әріптестері айтып берді. Тау ауылы маңында өрт болған. Бұл туралы ол кезекшілікке түскенде біліп, далалыққа барады. Өрт сөндіру көлігінің рулінде өзімен тетелес бала, бірге ойнап, бірге жүрген әріптесі болды. Екеуі бірге оқыған, бірге жұмысқа тұрды. Өрт сөндіру жұмыстары кезінде әріптесі абайсызда көлігімен басып кеткен. Жүргізуші түтін кезінде көрмей қалғанын айтып отыр. Айналаны қарап келе жатқан, бір қарағанда көрген, кейін байқамаған. Кешірім сұрады. ТЖД өкілдері келіп көңіл айтты, көмегін ұсынды, — деді Марс Халиоллаұлы. Оның айтуынша, баласы ауруханаға жетпей көз жұмды. Миршат Марсұлы отбасында үш баланың үлкені. Одан кейін інісі мен қарындасы бар. Анасы ертеректе көз жұмды.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қандай да ақпарат таратпай отыр. Kazinform ТЖМ сауал жолдады.

— Әріптесіміз қызметтік борышын өтеу кезінде қайтыс болған. Барлық қажетті көмек берілді. Біздің әрбір қызметкер қашанда министрліктің бақылауында. Ерлікпен қаза тапқан әрбір қызметкердің есімі мәңгі сақталады және әрқайсына әрқашанда көңіл бөлініп, олардың ерлігі үлгі болып қалады, — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Еске салсақ, ШҚО-да пышық жарақатынан өрт сөндіругі қаза тапты. Әріптестері полицияға немесе жедел жәрдемге хабар бермей, оны ауруханаға өздері жеткізген. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.