БҚО-да өртенген тұрғын үйден 8 газ баллоны шығарылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өртенген тұрғын үйден 8 газ баллоны шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 қаңтар күні Теректі ауданы Аңқаты ауылында болды.
Сағат 14.49-да Жеңіс көшесі, 6 мекенжайында тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.

Отқа оранған жалпы ауданы 100 шаршы метр тұрғын үйден 8 газ баллоны шығарылды.
«Тілсіз жау» сағат 16.59-да толықтай ауыздықталды.
Өрт сөндіруге 9 адам 2 техникамен қатысты.
Биыл жыл басынан бері облыста 29 өрт болса, соның 16-сы тұрғын үй секторында орын алды.
ТЖ департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау керектігін еске салады.
Бұдан бұрын Оралда тұрғын үйдегі өрт орнынан қарияның мәйіті табылғанын жазған болатынбыз.