БҚО-да өткен жылы ауылдарға газ жеткізуге 1,9 млрд теңге жұмсалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2016 жылы 1,9 млрд теңгеге ауылдарды газдандыру жұмыстары атқарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылы Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында 15 ауылдық елді мекенге газ құбыры тартылды. Соның ішінде Сырым ауданында 1,5 мың тұрғыны бар 6 ауылға «көгілдір отын» жеткізілді.
Жыл аяғында облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылуы 93,6 пайызға (595 мың адам) жетті.
Оған қоса Орал жылу-қуат орталығына резервтік газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде, бұған республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қаралса, соның жартысы өткен жылы бөлінді.
Ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстары биыл да жалғасады. Соның ішінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жергілікті тұрғындармен кездесуінде айтылған ұсынысқа сәйкес шалғайдағы Бөкей ордасы ауылдарын газдандыру көзделуде.