БҚО-да өз кәсібін дамыту үшін 286 адамға несие берілді
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Анар Амантайқызының айтуынша, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты аясында облыс көлемінде 444 адамға (соның ішінде ауылдық жерде 300, қалада 144 адамға) несие беру үшін 2363,7 млн теңге қаражат бөлінді. Биылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 286 адам 1489,5 млн теңге несиеге қол жеткізді. Сөйтіп олар өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды. Бұл - мемлекет тарапынан үлкен қолдау.
Бұған қоса «Бастау бизнес» жобасы бойынша 937 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланса, күні бүгінге дейін 895 адам оқуға жолданды.
Жалпы, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облысқа 3539,8 млн теңге бөлінсе, соның 3196,8 млн теңгесі қазірдің өзінде игеріліп отыр.
Бағдарламаның 1-бағыты («Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету») аясында бүгінгі таңда 800 адам (жоспар - 800) 22 колледжге 13 жұмысшы мамандығы бойынша оқуға жіберілді. Сол секілді еңбек нарығында сұранысқа ие түрлі мамандықтар бойынша 2912 адам (жоспар - 3132) қысқа мерзімді курстарда білім алуда.
Бағдарламаның 3-бағыты («Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту») бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 885-тің орнына 982 адам, жастар тәжірибесіне 935-тің орнына 1488 жас маман жолданды. Оған қоса 6265 адам (жоспар - 6073) ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту бойынша алдағы уақытта да ауқымды істер атқарылатын болады», деді А.Амантайқызы.