БҚО-да өзінің туысын өлтірген тұрғын 12 жылға сотталды
ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ермек Мұстахимға қатысты үкім шықты.
Соттың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жәнібек ауданының тұрғыны ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату) сәйкес айыпты деп танылды.
Оқиға биылғы мамыр айының 18-інен 19-ына қараған түні Жәнібек ауылында болды.
Сотталушы өзінің үйінде бөле туысымен алкогольді ішімдік ішкен. Соның барысында екеуі сөзге келіп, дау туындап, арты жанжалға ұласқан.
Сотталушы бөлесінің аяғынан шалып, жерге құлатып, мойнынан екі рет пышақ жұмсаған.
Қансырап жатқанын көріп, бірнеше рет ауыр соққы жасаған. Содан кейін бетіне, кеудесі мен ішіне кемінде 12 рет пышақ сілтеген. Сол жерде жан тапсырған марқұмның мәйітін қылмысын жасыру мақсатында өз үйінің артындағы қоқыс шұңқырына апарып, көміп тастаған.
Е.Мұстахим 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Жәбірленушінің моральдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөлік қағып кеткен ер адамның мерт болғанын жазған едік.