БҚО-да пациент ауруханаға от қойып, екінші қабаттан секіріп кеткен

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында емделуші ауруханаға от қойып, өзі екінші қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да пациент ауруханаға от қойып, екінші қабаттан секіріп кеткен

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 17 ақпан күні таңертең Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылында болған.

Сағат 05.41-де аудандық орталық аурухана терапия бөлімшесінің №8 палатасы жанып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Өрт аумағы 15 шаршы метрді қамтыды. Оқиға орнынан 20 науқас (оның төртеуі – бала) пен 8 жұмысшы-қызметкер эвакуацияланды. 2 адам құтқарылса, оның біреуі – бала. Олардың барлығы бірінші қабатқа орналастырылды.

Тілсіз жау өрт сөндірушілердің күшімен (11 адам, 3 техника) 06.05-те оқшауланып, 06.16-да ауыздықталды.

Өрттің шығу себебі анықталды. Емделуші матрасқа от қойып, өзі екінші қабаттың терезесінен секіріп, бой тасалаған.

Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.