БҚО-да пәтер иелері кооперативтерінің тең жартысына жуығы таратылады
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО әділет департаментінің мәліметі бойынша облыста барлығы 84 пәтер иелері кооперативі (ПИК) және пәтер иелері тұтыну кооперативі (ПИТК) тіркелген.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің мәлім еткеніндей, соның ішінде үшеуі осы кезге дейін таратылса, 14-і әрекетсіз болып есептеледі.
Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, 27 ПИК қайта тіркеуден өткен. Ал 40-ы немесе жартысына жуығы қайта тіркеуден өтпеген.
— Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес ПИК және ПИТК өткен жылғы 17 шілдеден бастап бір жыл ішінде қайта тіркеу рәсімінен өтуге міндетті еді. Енді заңда белгіленген мерзімде қайта тіркеуден өтпеген кооперативтер сот тәртібімен мәжбүрлі түрде таратылады. Оларды сотқа қала мен аудан әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдері береді, — деді Қанат Өмірәлиев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 2 533 көппәтерлі тұрғын үйдің 259-ы мүлік иелері басқару нысанында болса, 1 964-і тікелей бірлесіп басқару нысанында. 168 үйдің басқару нысаны жоқ, ал 69-ы коммуналдық меншікте.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 70-тен астам көппәтерлі тұрғын үй апатты деп танылғанын жазған едік.