БҚО-да Подстепный ауылында су басқан үйлер саны есептеліп жатыр

БҚО Подстепный
Фото: Ауыл тұрғындарынан

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепный ауылында су басқан үйлер саны есептеліп жатыр. Бұл туралы брифингте БҚО ТЖ департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев мәлім етті.

Департамент бастығының айтуынша, өңірде апаттық-құтқару жұмыстары жалғасуда.

су тасқыны
Фото: Ауыл тұрғындарынан

Қазірге дейін облыс бойынша 3 744 адам эвакуацияланса, соның 1 455-і – балалар. Қауіпсіз жерге 900-ден астам ірі қара, 1800 бас ұсақ мал, 30 жылқы айдалды.

Барлығы 640 мыңнан астам қар суы сорылып, 104 мыңнан астам қапшық төселді. 

су басқан ауыл
Фото: Ауыл тұрғындарынан

Өңірде 1 мыңнан астам адам (300-ден астам техника, 100-ден астам мотопомпа) жұмылдырылып, күшейтілген режимде жұмыс жасауда.

су басқан ауыл
Фото: Ауыл тұрғындарынан

«Шыңғырлау, Жақсыбай, Өлеңті, Бұлдырты өзендерінің суы арнасынан асуы салдарынан төрт ауданның 9 ауылында 384 үй суға кетті. Бұл көрсеткіштер нақтылану үстінде, жергілікті атқарушы органдардың комиссиясы тексергеннен кейін шығын есептеліп, суға кеткен үйлердің дәл саны анықталады. «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, бүгіннен бастап күн жылына түсіп, соған байланысты қауіп сақталады. Тұрғындарды тыныштық сақтап, эвакуацияға дайын болуға шақырамын», - деді Р.Қасыбаев.

су тасқыны
Фото: Ауыл тұрғындарынан

Подстепный ауылдық округінің әкімі Мейірбек Сұлтанов та қазіргі кезде суға кеткен үйлер саны есептеліп жатқанын жеткізді.

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, су 31 наурызға қараған түні келе бастаған.

«Менің үйімді 31 наурыз күні таңғы сағат 9-да су басты. Оған дейін кемінде елу шақты үйді қарғын су алып кетті. Есіктің алдын экскаватор қазып тастағандықтан, үйден ештеңе алып шыға алмадық. Енді не боларын білмейміз», - дейді аты-жөнін атамауды өтінген тұрғын.

Тұрғындардың хабарлауынша, сумен арпалыс бүгін түнде жалғасты. Ауылдағы мәдениет үйі, қазақ мектебі, кемінде 100 үй суға кеткен. Қауіп әлі сейілген жоқ.

Адамдардың бірқатары Орал қаласындағы туыстарының үйіне кетсе, қалғандары Подстепный ауылындағы «Теректі» колледжі және облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты ғимаратына орналасты.

Аталмыш ауылда 12 мыңнан астам адам тұрады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Елек өзенінде су деңгейі қауіпті деңгейден асып кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да су тасқыны кезінде пышақталған құтқарушы ауруханада ем алып жатыр.

Соңғы жаңалықтар