БҚО-да прокурордың телефонына ақша салған полицей 353 мың теңге айыппұл төледі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында прокурордың телефонына ақша салған полиция қызметкері жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінен түскен мәліметке қарағанда, облыстық полиция департаменті іс-қағаз жүргізу бөлімі жетекші маманының міндетін атқарушы осындай қадамға барған.
Ол биылғы 7 мамырда департаменттің 4 айдағы тексеру актілері бойынша есепке қол қоюды тездету және одан әрі оң іскерлік қатынасты реттеу үшін БҚО прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының аға прокурорының телефон нөміріне 1 мың теңге ақша аударған.
Оған қоса «Қайырлы күн. БҚО ДП тексеру актісіне қол қойылғанын білуге бола ма?», «Анда Сізге алғыс есебінде балансқа ақша салдым. Актілер бойынша жауап беруіңізді өтінемін. Рахмет» деген хабарлама жазып жіберген.
Аға прокурор бұл жөнінде өзінің басшылығына баян етіп, 1 мың теңгені жергілікті бюджетке аударған.
Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен БҚО полиция департаментінің жетекші маманы ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 676-бабына (жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi) сәйкес айыпты деп танылып, оған 353 500 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы мәжбүрлеп өндіру бөлімінің бас маманының да телефонына белгісіз біреу 2 мың теңге салып жіберген.
Ол отбасы мүшелері мен тума-туысқандарынан сұрастырып, ешкімнің ақша салмағанын білген. «Билайн» абоненттерді қолдау қызметіне хабарласқан кезде олар ақшаны кім салғанын айта алмайтынын жеткізген. Содан кейін бұл қызметкер де 2 мың теңгені жергілікті бюджетке аударған.
Айта кетейік, заңсыз сыйақыдан бас тартқан қос мемлекеттік қызметкер де ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдардың алғысхатымен марапатталды.