БҚО-да Ресейден келген тағы бір тұрғыннан коронавирус анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген тағы бір тұрғыннан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да Ресейден келген тағы бір тұрғыннан коронавирус анықталды

БҚО-ның шұғыл штабы мәлім еткеніндей, Ресейде вахталық әдіспен жасайтын облыс тұрғыны 40 жаста.

Саратов облысымен шектесетін «Тасқала» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекеттен өткен кезде оның денсаулығына ешқандай шағымы болмаған. Алайда карантиндік стационарда зерттеу қорытындысымен COVID- 19 диагнозы нақтыланды.

«Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Онымен қарым-қатынаста болғандар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді», деп хабарлады шұғыл штабтан.

Осылайша өңірде сырқаттанғандар саны 33-ке жетіп, соның екеуі жазылып шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы екі науқастың Ресейден келгенін жазған болатынбыз.