БҚО-да Ресейден келген жамбылдық жұмысшыдан коронавирус табылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Ресейден келген жамбылдық жұмысшыдан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да Ресейден келген жамбылдық жұмысшыдан коронавирус табылды

БҚО әкімдігі мәлім еткендей, көрші елде жұмыс істейтін Жамбыл облысының тұрғыны Ресеймен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткен кезде денсаулығына шағымы болмаған.

Алгоритмге сәйкес санитарлық-карантиндік бекет эпидемиологтары жедел жәрдем шақырып, карантиндік стационарға жатқызылған.

Сонымен қатар бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған облыстағы 10 тұрғыннан зертханалық сынама алынған кезде олардың індетке шалдыққаны анықталды.

Коронавирус жұқтырған тағы бір адам – профилактикалық мақсатта зертханалық сынама алынған медицина қызметкері. Енді бірі – Атырау облысының Теңіз кен орнында жұмыс істейтін өңір тұрғыны. Дене қызуы көтерілгеннен кейін ол провизорлық стационарға түскен.

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен барлық 13 адамда COVID-19 диагнозы расталып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Науқастармен байланыста болғандар бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 352-ге жетіп, соның 189-ы жазылып шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауруханаға жүгінген ауыл тұрғынынан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.