БҚО-да ресейлік әскери техника ауыл ішімен жүрген: жүргізушіге ескерту жасалды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы Сайқын ауылының ішімен жүрген ресейлік әскери техниканың жүргізушісіне әкімшілік шара қолданылды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ресейлік жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 620-бабына (жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Аталмыш бап бойынша ескерту жасау немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу қарастырылған.
«Жүргізуші көлігімен газ құбырын майыстырған, бірақ ештеңе сынбаған, газ шықпаған. Жүргізушіге ескерту жасалды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ресейлік әскери техниканың ауыл ішімен жүргенін жазған едік.