БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісі неліктен туындады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Қазақстан мен Ресейдің «Сырым» және «Маштаков» автокөлік өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің кептелісте тұрғаны жөнінде бейнежазба тарады.
Бейнежазбада жүргізуші «Маштаковтан» «Сырым» бекеті бағытында екі тәулік бойы тұрғанын мәлімдейді.
Оның сөзіне қарағанда, кептеліс 15 шақырымға жеткен, бейтарап аймақ жүк көлігіне толған. Қазақстан тарабы жұмыс істемей тұр.
Тағы бір бейнежазбада кептелістің 35 шақырымға жеткені, жүргізушілердің ас-сусыз қалып отырғаны айтылады.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне арнайы сауал жолдаған еді.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде 12 маусымнан бастап сыртқа шығатын автокөліктердің шоғырлануы байқалады.
Жағдай облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Мұны реттеу үшін барлық мүдделі органның қатысып, облыс әкімінің орынбасары басшылық ететін жедел штаб құрылды.
Бұдан бұрын «Сырым»» бекеті арқылы күн сайын 600-дей автокөлік өтетін. Қазіргі кезде қайта құру және жаңғырту жұмыстарының жүргізілуіне байланысты бекеттің өткізу қабілеті тәулігіне 500 автокөлікке дейін төмендетілді.
19 маусым күні департамент басшылары жүк тасымалдаушылармен кездесіп, кептеліс себебін білу үшін «Сырым» автокөлік өткізу бекетінде болды. Әңгіме барысында департамент мамандарының жұмысына қатысты арыз-шағым айтылған жоқ.
Кездесу қорытындысына сәйкес кезектің негізгі себептері анықталды. Атап айтқанда, автокөлік құралдарының артуы негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан көкөніс өнімдерін тасымалдаушыларға байланысты. Көкөніс тасымалдаушылардың маусымдық көбеюі тәулігіне бекет арқылы өтетін көлік құралдарының жалпы санының 80 пайыздайын құрайды.
Департамент мәліметіне сәйкес жүк тасымалдаушылардың бір бөлігі «CargoRuqsat» электронды кезек жүйесінде бекетке кезекке тұрар алдында тіркеледі. Мұндай тәжірибе үшінші елдің аумағына кірерде қолданылады, өйткені «Сырым» бекеті арқылы шекарадан уақытылы өтпеген жағдайда 10 АЕК көлеміндегі кепілді жарна мемлекет пайдасына аударуға жатады.
Күту мерзіміне әсер ететін қосымша фактор Ресей Федерациясы Федеральдық кеден қызметі тарапынан «Маштаков» бекетінде Қазақстаннан келетін барлық көлік құралдарына қатысты бақылау шарасының күшейтілуіне байланысты. Бұл шаралар Мәскеу мен Мәскеу облысына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуылдауының жиілеуіне байланысты болып отыр.
Биылғы 1 маусымнан бастап Ресейде тауар жеткізуді күтуді растау жүйесі (СПОТ) енгізілген. Сондықтан бірқатар экспортерлер жеткізілімнің ресмилігін растайтын QR-код рәсімдеу үшін ресейлік алушылардан тауарды жеткізу туралы құжатты күтеді.
Сонымен қатар жүк тасымалдаушылардың кезекке қарамастан, «Сырым» бекеті арқылы өтуді жөн көретін себептері белгілі болды. Бұл — жанар-жағар май материалдарының қолжетімділігі, «Маштаков» бекеті арқылы Ресейге кірердегі ақылы автожолдардың қолайлы орналасуы. Оған қоса «Маштаков» бекетіндегі инспекциялық-қарау кешені Ресей аумағына көкөніс өнімдерін жүк көліктерінің технологиялық өту құжатынсыз тасымалдауға мүмкіндік береді.
Кезекте тұрған жүк тасымалдаушылар үшін жергілікті кәсіпкерлермен ауыз су және азық-түлік жеткізу ұйымдастырылды.
Кезек ұзындығы 18 маусымда 29 шақырымға жетсе, жүк тасқынын төмендету бағытындағы жұмыстар нәтижесінде 19 маусым күні сағат 09.00-де 21 шақырымға дейін қысқарды.
— Жүргізушілер арасында келіспеушілікке жол бермеу мақсатында БҚО полиция департаменті және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бекет аумағын тәулік бойы күзетіп тұр. Сондай-ақ 22 маусымнан бастап БҚО бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп «Сырым» бекеті алдында кептеліске жол бермеуге бағытталған іс-шараларды тұрақты атқаруда. Осы мақсатта жүк көліктерін жүргізушілермен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде «CargoRuqsat» жүйесіне тіркелмеген жүк көліктерін кемпингтер мен ТИР-паркингтерде қою, жүргізушілердің электронды кезекке сәйкес келуі қажеттігі түсіндірілуде, — делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісте тұрғаны рас па, соны жазған едік.