БҚО-да республикалық жолдарды жөндеуге 15 млрд теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы жолдарды қайта салу мен жөндеуге биыл 15,126 млрд теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы қаржыландыру, бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімінің басшысы Ерлан Қажымовтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал-Тасқала-РФ шекарасы күре жолының 100 шақырымын қайта жаңғырту жұмысы атқарылып жатқаны белгілі. Осы жобаның нәтижесінде аталмыш жол екінші техникалық санатқа ауыстырылады. Жолдағы асфальт жамылғысының ені 9 метр, жалпы ені 15 метрге жеткізілетін болады. Жолдың ең төменгі қабатынан бастап үстіне дейінгі қалыңдығы 65 см, соның ішінде асфальттың қалыңдығы 27 см болмақ. Биылғы жоспар бойынша 41,6 шақырымға асфальт жамылғысы төселіп, су өткізетін 68 құбыр, 6 аялдама ретке келтіріледі. Күні бүгін жылдық жоспардың 30 пайызы орындалып, 300-ге жуық жұмыс орны ашылды. Аталмыш жолдың 4-31 шақырымын қайта құруға 364,1 млн. теңге қаралып, соның 115,8 млн теңгесі игерілді. Ал 31-104 км аралығына 9,201 млрд теңге беріліп, 1,732 млрд теңгенің жұмысы атқарылды. Соның ішінде 5014 млн теңге 2018 жылы қалған 18 км жолды қайта салуға жұмсалмақшы.

Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолының бас мердігері «Юнисерв» ЖШС сол секілді Чапаев-Жалпақтал-Қазталов жолының 97-157 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуде. Бұған 1,714 млрд теңге бөлініп, соның 294 млн теңгесі игерілді. Биыл Жалпақталдан әрі қарай 12,5 км жолға асфальт төселіп, 5 көпір салынады. Жылдық жұмыс жоспары 38 пайызға орындалып, 93 жұмыс орны ашылды. Бұл жоба біткеннен кейін аудан орталығы Қазталов ауылына дейінгі жолдың асфальт жамылғысы жоқ 29 шақырым бөлігі ғана қалады. Қазіргі кезде мұның жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталып келеді, құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталады.

Қазталов-Жәнібек жолының 137-157 шақырымын күрделі жөндеуге биыл 1,118 млрд теңге қаралып, 9,4 шақырымға асфальт төселіп, су өткізетін екі құбыр салынбақ. Мұндағы жұмыстың 37 пайызы атқарылды (78 жұмыс орны). Бұл жобаның бас мердігері - «РСУ-1» ЖШС.

Биыл сонымен қатар 133 шақырым жолды орташа жөндеуге 1,726 млрд. теңге қаралды. Осы қаржыға Орал-Атырау жолының 27-108 шақырымы (Орал мен Чапаевтың арасы), Самара-Шымкент жолының Меловые горки маңындағы көпір өткелінің 0-16 шақырымы, Ақтөбе облысының шекарасынан бері қарай 490-526 шақырымы ретке келтірілмек. Қазірдің өзінде жұмыстың 47 пайызы атқарылды.

Оған қоса автожолдарды күтіп ұстауға 950 млн теңге қарастырылып, соның 483 млн теңгесі игерілді. 

Соңғы жаңалықтар