Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да рұқсат етілмеген 110-нан астам қоқыс үйіндісі тіркелді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы аумағында космостық мониторинг деректеріне сәйкес рұқсат етілмеген 113 қоқыс үйіндісі анықталды.

Ақтөбе қаласында қоқыс алаңдарын тазартуға 300 млн теңге жұмсалды
Фото: Ақтөбе облыстық экология департаменті

БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің брифингте мәлім еткеніндей, соның 64-і Бәйтерек, 20-сы Теректі, 10-ы Бөрлі, екеуі Сырым ауданы, 17-сі Орал қаласы аумағында тіркелді. 

Мұрат Шыманғалиұлының сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін соның 84-і немесе 74 пайызы жойылды. 

- Экология департаменті рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді, оларды анықтайды. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізеді. Биылғы сәуір-шілде айларында Орал қаласында, сондай-ақ Бәйтерек және Теректі аудандарында өткізілген 14 рейд барысында рұқсат етілмеген 31 қоқыс үйіндісі белгілі болды. Кейін оларды жергілікті атқарушы органдар толығымен жойды, - дейді М.Ермекқалиев. 

Департаменттің деректері бойынша биылғы бірінші жартыжылдықта 56,8 мың тонна қалдық көмілді, бұл өткен жылғы осы кезеңмен (44,6 мың тонна) салыстырғанда, 12,2 мың тоннаға немесе 27,4 пайызға артық. 

Соның ішінде 29,9 мың тоннасы немесе 53 пайызы Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, 5,5 мың тоннасы (9,7 пайызы) Ақсайдағы осындай полигонның үлесіне тиеді. Сондай-ақ 11,1 мың тоннасы (19,5 пайызы) «ҚПО б.в.» полигонында, 0,228 мың тоннасы (0,4 пайызы) «Жайық таза қала» ЖШС алаңында, 10,0 мың тоннасы (17,6 пайызы) аудандарда кенттік қоқыс орындарында көмілді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда экология саласында 115 заң бұзушылық анықталғанын жазған едік.