БҚО-да салынып жатқан екі қабатты үй өртеніп кетті
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің мәлім еткеніндей, оқиға 22 тамыз күні Теректі ауданы Подстепный ауылында болды.
Сағат 08.45-те «Таити» кафесінің аумағында құрылысы бітпеген екі қабатты үй жанды.
Жалын шарпыған аумақ 120 шаршы метрді қамтыды.
«Тілсіз жау» өрт сөндірушілердің күшімен (6 адам, 3 техника) сағат 09.48-де ауыздықталды.
Зардап шеккендер жоқ.
Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.
«Жылыту маусымы қарсаңында өрттің көбеюі алаңдатады. Жыл басынан бері өңірде 383 өрт болып, салдарынан 10 адам зардап шегіп, соның үшеуі қаза тапты. Келтірілген шығын 8 млн теңгеден асты. Соның ішінде тұрғын үй секторында 225 өрт тіркелді. Сондықтан барлық тұрғындарға, әсіресе, жеке үйлерде тұратын азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережесін бұлжытпай сақтау керектігін еске саламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда кен орнында вагондар өртенгенін жазған болатынбыз.