БҚО-да саяжай иелеріне өнімдерін көтерме бағамен өткізу ұсынылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысындағы саяжай иелеріне өнімдерін көтерме бағамен өткізу мүмкіндігі ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
«AQJAIYQ» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен бірлесіп, өңірдегі саяжай иелеріне өз тауарларын көтерме бағамен өткізу мүмкіндігін ұсынады.
«Бұл жоба өңір басшысының тапсырмасына сәйкес облысымыздың барлық саяжай иелерінің өнімдерін өткізу процесін оңтайландыру әрі халыққа сапалы өнімді тиімді бағада ұсыну мақсатында енгізілді. Қыркүйек айынан бастап көкөніс өсіретін кез келген тұрғын өз өнімін ешқандай алым-салықсыз, нарықтық баға бойынша бізге тапсыра алады. Кейін ол өнім біздің әлеуметтік дүңгіршектеріміз арқылы халыққа қолайлы бағада сатылады. Көкөністерден тек әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміндегі картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат қабылданады», - дейді «AQJAIYQ» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов.
Қазіргі уақытта Орал қаласының «Ел ырысы», «Мирлан» және «Алтын алма» сынды ірі сауда базарларында арнайы саяжай иелерінің өнімдерін сатуға арналған тегін сауда орындары қарастырылған.