Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол сайлау учаскелерінде болып, мемлекеттік органдармен сайлауға дайындықтың өзекті мәселелерін талқылады.

БҚО-да сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілді
Фото: ҚР ОСК

ОСК баспасөз қызметінің мәліметінше, сайлау қорытындыларына сайлаушылардың сенімі көп жағдайда дауыс беруді учаскеде тікелей ұйымдастыратын мамандардың кәсібилігіне байланысты. Сондықтан комиссияларды даярлау жұмыс барысындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Сапар аясында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 120 өкілінің қатысуымен семинар өтті. Жалпы облыстағы 3126 учаскелік комиссия мүшелерінің барлығы каскадты оқытумен қамтылды.

Сапар барысында ОСК хатшысы Теректі ауданындағы № 360, № 363, № 367 және № 384 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Әсіресе оқыту барысында алынған білімнің іс жүзінде қалай қолданылатынына назар аударылды. 

Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау процестерін цифрландыру саласындағы пилоттық жобаларды таныстырды. Олардың қатарында дауыс беру күні учаскелік комиссиялардың жұмысын жеңілдетуге, есептілікті автоматтандыруға, қағаз құжат айналымын қысқартуға және негізгі рәсімдерді орындауға уақытты үнемдеуге бағытталған технологиялық шешімдер бар.

БҚО-да сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілді
Фото: ҚР ОСК

Шавхат Өтемісов жаңа құралдардың практикалық тиімділігін, сондай-ақ Құрылтай депутаттарын сайлауға орай Oralsaylau.kz геоақпараттық порталының жаңартылған нұсқасын бағалады.

Өңірде сайлаушыларды ақпараттандыруға ерекше назар аударылып отыр. Дәстүрлі форматтармен қатар, азаматтармен коммуникацияның қосымша тәсілдері енгізіліп келеді. Бұл қажетті ақпаратты олардың күнделікті болатын орындарында тікелей алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, теміржол вокзалында, халықаралық әуежайда және қаланың ең ірі сауда ойын-сауық орталығында және облыстың 5 аудан орталығында арнайы ақпараттық пункттер ашылды. 

ОСК хатшысының жұмыс сапарының қорытынды бөлігі Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мәселелері жөніндегі кеңес болды. Басты назар барлық қызметтердің іс-қимыл үйлесімділігіне және өңірдің дауыс беру күніне дайындығына аударылды.

БҚО-да сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілді
Фото: ҚР ОСК

Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов сайлау инфрақұрылымындағы өзгерістер туралы баяндады. Жыл басынан бері өңірде екі жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз үш учаске таратылды, тағы 15 учаскенің шекаралары нақтыланды. Барлық өзгеріс туралы сайлаушыларға уақтылы ақпарат берілді.

Тексеру сапарының қорытындысын шығара келе, ҚР ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов сайлауға дайындықтың соңғы кезеңінде сайлау процесіне қатысушылардың барлығының іс-қимылының үйлесімділігі мен кәсіби жауапкершілігі айрықша маңызды екенін атап өтті.

БҚО-да сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілді
Фото: ҚР ОСК

— Сайлауға деген сенім ең алдымен жергілікті жерлерде — дауыс беру тікелей ұйымдастырылатын жерде қалыптасады. Сондықтан сайлау комиссияларының, мемлекеттік органдардың және осы процеске тартылған барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының маңызы зор. Дәл осы өзара іс-қимыл дауыс берудің заңдылығын, ашықтығын және нақты ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Шавхат Өтемісов.

Батыс Қазақстан облысында 502 сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

Бұдан бұрын сайлау жақындаған сайын таңдауын жасамаған қазақстандықтар саны төрт еседен аса азайғанын жазғанбыз.