БҚО-да Шаған өзенінде судың түсі неге өзгерді — экология департаменті жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы маңында орналасқан Бәйтерек ауданы Асан ауылы тұсында Шаған өзеніндегі судың жасылданып өзгергені туралы әлеуметтік желіде бейнежазба тарады. 

БҚО-да Шаған өзенінде судың түсі неге өзгерді — экология департаменті жауап берді
Фото: видеодан алынған скрин

Тұрғындар осы жағдайға байланысты пікір білдірді. Кейбіреулері мұны табиғатпен байланыстырса, екіншісі кәріз суы құйылуы мүмкін дейді. 

Аталған мәселеге орай Kazinform тілшісі БҚО бойынша экология департаментіне арнайы сауал жолдаған еді.

Департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Асан ауылы ауданы «Ранчо» ЖК тұсындағы Шаған өзені жағалауына барды. Бейнежазбада су бетінде көбіктің пайда болғаны көрсетілген еді.

Департамент мәліметіне қарағанда, ақпаратты тексеру барысында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін судан сынама алынды.

— Тексеру нәтижесінде судың жасыл түсті екендігі, басқа иістің жоқтығы анықталды. Су бетінде қоспа, көбік, мұнай және басқа ластаушы белгілер табылған жоқ. Судың жасыл түсі табиғи өзгерістерге, яғни ағыс жай, күн ыстық болған жағдайда өсімдіктердің дамуына байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдай жазғы кезеңге тән. Зертханалық зерттеулер қорытындысына сәйкес ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асуы анықталған жоқ, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да табылған медициналық қалдықтардың жай-жапсары белгілі болғанын жазған едік