БҚО-да шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квота саны азайды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квота саны азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Салтанат Тоғызбаеваның облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен кеңесте мәлім еткеніндей, 2019 жылы 3 361 квота бекітілсе, іс жүзінде 1 380 рұқсат (41 пайыз) берілді.

Сондай-ақ 2020 жылы бекітілген квотаның 47 пайызы немесе 1 108, ал өткен жылы 949 рұқсат берілді.

Соның ішінде ІІІ және IV санаттар бойынша рұқсаттар саны соңғы үш жылда төмендеді. Атап айтқанда, ІІІ санат бойынша 2019 жылы - 443, 2020 жылы - 329, ал 2021 жылы 235 рұқсат қана берілген. Сол секілді IV санат бойынша 2019 жылы небәрі 58 рұқсат болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 0-ге дейін түсті.

«Кәсіпорындар негізі ІІІ санат бойынша шетелден инженер, механик және техник мамандарын тартып отыр. IV санат бойынша кәсіпорындарда 6 және 7 санатты электрмен дәнекерлеуші мамандарына рұқсат етілген», - дейді С.Тоғызбаева.

Оның сөзіне қарағанда, өңірде жұмыссыздықпен күрес бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Айталық, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 19 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, алғашқы жартыжылдықта 8,4 мың адам түрлі шараларға жолданды.

Сонымен қатар С.Тоғызбаева министрліктің ережелеріне тиісті өзгерістердің енгізілмеуіне байланысты бірнеше шараны іске асыру барысы тоқтап тұрғанын жеткізді. Мысалы, қысқа мерзімді оқыту бойынша мемлекеттік тапсырыс келісімшартының болмауы, мемлекеттік гранттарды беру бойынша тиісті оқытудың басталмауы және «Күміс жас» жобасы бойынша республикалық бюджеттен қаражаттың кешігіп келуі қолбайлау болуда. Бұл жағдай республика бойынша барлық облыста орын алып отыр.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – өңірлік жұмыспен қамту картасы. Биыл 5 ұлттық жоба аясында 158 жобаны іске асыру арқылы барлығы 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Оның ішінде 1,6 мыңы тұрақты болса, 4,5 мыңы – уақытша жұмыс орындары.

«Осы орайда барлық бюджет әкімшілеріне және Орал қаласы мен аудан әкімдіктеріне «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесіне бос жұмыс орындарын құру мәліметтерін орналастыру бойынша мердігерлермен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу және кездесулер өткізу бағытында жұмыстану қажет», деді С.Тоғызбаева.

Өңір басшысы электронды еңбек биржасы бойынша жұмыстарды ширатып, жастар практикасының бюджетін ұлғайтуды тапсырды.



Соңғы жаңалықтар