БҚО-да соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 72 пайызға өсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 72 пайызға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, алдыңғы аптада 8 адамнан вирус табылса, 7-13 шілде аралығында 29 науқас тіркелді.

Шілде айында 37 адам сырқаттанса, соның 25-і немесе 67 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бөрлі ауданында 4 (11 пайыз), Бәйтеректе 4 (11 пайыз), Жаңақалада 2 (5 пайыз), Тасқала мен Казталовта 1 науқастан тіркелді.

Жалпы, жыл басынан бері 9 627 адамнан коронавирус анықталды.

«Облыста вакцинация басталғаннан бері егілуге тиісті 414 390 тұрғынның 67 пайызы (277 702) бірінші, 65 пайызы (269 531) екінші компонентті қабылдады. Сондай-ақ ревакцинацияға жататын 200 308 тұрғынның 100 884-і немесе 50,4 пайызы егілді. Оған қоса 5 317 адам қайта ревакцинациялаудан өтті. Сонымен қатар жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдерді егу жұмыстары жалғасуда. Індеттің қайта бас көтеруіне байланысты уақтылы екпе алудың маңызы зор. Өңірде вакцина қоры жеткілікті», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанмен көршілес Ресей облыстарында коронавирустың өршіп тұрғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар
telegram