БҚО-да сот талаптарын орындамаған департаментке шара қолданылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Сот талаптарын орындамаған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментіне ақшалай өндіріп алу салынды.

БҚО-да сот талаптарын орындамаған департаментке шара қолданылды
Фото: freepik.com

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодесінің 127-бабына сәйкес соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, сондай-ақ сотқа және судьяға құрметтемеушілікті айқын көрсететін өзге де әрекеттер үшін 20 АЕК-ке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алу салынады.

Іс материалдарына сай, талапкер БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына еңбек дауымен жүгінді.

Істі қарау барысында сот ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментін белгіленген мерзімде әкімшілік талап қоюға қарсы дәлелді пікір және әкімшілік іс бойынша материалдарын беруге міндеттеді. Алайда жауапкер белгіленген мерзімде әкімшілік істің материалдарын сотқа ұсынбады. Жауапкердің өкілі алдын ала тыңдауға келмеді және келмеу себептері туралы хабарламады. Бұл іс бойынша тыңдауды қайта тағайындауға негіз болды.

- Осылайша, жауапкердің талаптарды орындамауы заңға және сотқа құрметсіздік ретінде танылады және ақшалай өндіріп алуды салу үшін негіз болып табылады. БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен аталмыш департамент басшысының міндетін атқарушыға 20 АЕК мөлшерінде (73 840 теңге) ақшалай өндіріп алу салынды. Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлігіне зақым келген тұрғын 9,2 млн астам теңге өндіріп алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар