БҚО-да студенттік құрылыс жасағы тасқын зардабын жоюға атсалысып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы тасқын салдарынан едәуір шығынға ұшыраған еді. Бүгінде ауданнан түлеп ұшқан студент жастар туған ауылын қайта қалпына келтіруге,  зардап шеккен тұрғындар үшін  баспана салуға атсалысып жатыр. Қазір Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті және Көздіғара ауылдарында 114 жаңа үй  бой көтерді.

БҚО Қоғамдық даму басқармасы
Фото: БҚО Қоғамдық даму басқармасы

Құрылыс жасағындағы 50 студент жаз бойы қоныстойды жақындатуға үлес қоспақ. Ауылдағы студенттер мен жұмыссыз жастар үшін игілікті жобаны ұсынған – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. 

БҚО Қоғамдық даму басқармасы
Фото: БҚО Қоғамдық даму басқармасы

«Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап өңірлік партия филиалының ұжымы және «Ауыл жастары» қанатының 70 - тен астам еріктісі бөгет жұмыстарын жүргізуге, апат салдарын жоюға барынша атсалысты. Партия тарапынан еріктілер құрамы жасақталып, кең көлемде гуманитарлық көмек ұйымдастырылды. Біздің жастарымыздың бастамасымен өңірімізге екі жүк көлігімен 25 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізіліп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға таратылды», - дейді «Ауыл» партиясы жастар қанатының төрағасы Дәурен Рахымбек.

Бүгін Жымпитыда еңбек сарбаздарын салтанатты қатарға қабылдау іс-шарасы өтті. Жас құрылысшылар салтанатты жиыннан кейін тіке құрылыс нысандарына аттанып, жұмыс күнін бастап та кетті. Студент жастар «Профлайн», «JSGroup», «Қалдығайты» ЖШС мердігер компаниялары арқылы жұмысқа орналасып жатыр. 

БҚО Қоғамдық даму басқармасы
Фото: БҚО Қоғамдық даму басқармасы

«Ауыл» партиясы жаңа жобасының Сырым ауданында бастау алғанына қуаныштымыз. Бұл жоба жастарды еңбекке баулып, халықтың мұң-мұқтажын іштен сезініп, Отанға деген сүйіспеншіліктерінің арта түсуіне оңынан әсер етеді деп сенемін. Баспанасыз қалған азаматтар жылы ұясымен тезірек қауышуына тілектеспіз. Халқымыздың әр азаматы қолынан келгенше осы жолда қызмет етсін!» - деді аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Айта кетейік, «Ауыл» партиясының жанындағы жастар қанаты төтенше жағдай уағында халықпен бірге болды. 

БҚО Қоғамдық даму басқармасы
Фото: БҚО Қоғамдық даму басқармасы
БҚО Қоғамдық даму басқармасы
Фото: БҚО Қоғамдық даму басқармасы
Соңғы жаңалықтар