Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға 4 млн-ға жуық теңге айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында шомылу маусымы кезінде 6 адам суға кетсе, соның төртеуі – балалар.

Елорда тұрғыны шомылуға тыйым салынған жерде суға түскені үшін жазаланды
Фото: Астана әкімдігі

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Нұралы Мүсиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде үшеуі Жаңақала ауданында тіркелді. Сонымен қатар Сырым, Бәйтерек және Бөрлі ауданында бір-бір адамнан суға кеткен.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы аталмыш мерзімде 7 адам осындай қазаға ұшыраса, соның біреуі бала еді. Бұл биыл жасөспірімдердің суға кетуі көбейіп отырғанын көрсетеді.

- Жыл басынан бері су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін 253 тұлға 3 млн 893 мың 844,3 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның төртеуі заңды тұлға болса, қалған 249-ы – жеке адамдар. Толтырылған хаттамалардың 59-ы Орал қаласы, 29-ы Ақжайық, 28-і Теректі, 27-сі Бәйтерек ауданының үлесіне тиеді, - деді Н.Мүсиев.

Департамент мәліметі бойынша облыста 34 жағажай болса, соның 24-інің өтінімі қаралып, 17-сіне жұмыс істеуіне рұқсат берілді.

Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 6 коммуналдық, 1 жеке меншік жағажайға рұқсат берілмеді. Ал 10 жағажай бойынша тексеруге өтінім келіп түспеген.

- Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқушылардың жүзу дағдыларын қалыптастыру мақсатында облыста 5 жабық бассейн және 34 модульдік каркасты бассейн жұмыс істейді, - деп қосты департамент бастығының орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда үш жасөспірімнің суға кетіп қалғанын жазған едік.