БҚО-да су басқан аумақтардан 6 мыңнан астам адам эвакуацияланды

су тасқыны
Фото: БҚО ТЖД

ОРАЛ. KAZINFORM — Су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысында 6 мыңнан астам адам эвакуацияланса, соның 3 мыңы – бала.

БҚО ТЖД жедел штабынан мәлім еткеніндей, күні бүгін эвакуациялық пунктілерге 1 мыңнан астам адам орналастырылды. 3 853 адам туыстарының үйіне жайғасты.

16 үйге су кірді
Фото: БҚО ТЖД
Батыс Қазақстан облысында Қоржын ауылында үйлер су астында қалды
Фото: БҚО ТЖД

Өңірде 23 жол учаскесінің үстіне су шығып кеткен, 48 жолды су шайған. Бұлардың басым бөлігі – жергілікті маңызы бар жол.

Самара
Фото: ҚазАвтоЖол ҰК АҚ БҚОФ

Облыста бұрынғысынша 10 елді мекен қатынассыз қалса, соның 8-і Қаратөбе (Сулыкөл, Үшана, Төлен, Темірбек, Қосбаз, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай), біреуі  Теректі (Дуана), тағы біреуі Шыңғырлау  ауданында (Ақтау) орналасқан. Бұл ауылдарда алдын ала екі апта мерзімге жететін азық-түлік қоры жасалған. Қауіпсіз жерлерге 3 мыңнан астам мал айдалды.

жолдарды су шайып кеткен
Фото: БҚО ПД

Облыс бойынша 804 773 текше метр су сорылып, құм толтырылған 170 749 қап төселді. 

Батыс Қазақстан
Фото: БҚО ТЖД

Апаттық-құтқару жұмыстарына қазіргі таңда төтенше жағдайлар, полиция департаменттері, әскери бөлімдер және жергілікті атқарушы органдардан 1 979 адам (365 техника, 76 су соратын мотопомпа) жұмылдырылған.

Батыс Қазақстан
Фото: БҚО ТЖД

Өткен тәулікте 1500-ден астам адам эвакуацияланса, соның 700-ден астамы – бала. Сондай-ақ Ұзынкөл, Барбастау, Шаған, Кемер және Юбилейный ауылдарында қалған тұрғындарға көшу керектігі хабарланып жатыр.

Деркөл
Фото: БҚО ТЖД
Су тасқыны БҚО
Фото: БҚО ПД

Батыс Қазақстанда су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты 29 наурызға қараған түні Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 46 адам 5 техника, 8 мотопомпа және 2 үрлемелі қайықпен көмекке келді, олар алдымен Орал қаласы және Бөрлі ауданындағы су тасқыны зардаптарын жоюға тартылды. Оған қоса, 28 наурыз күні ҚР Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағымен Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан 271 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. 

Орал
Фото: ҚР ҰҰ Батыс өңірлік қолбасшылығы

Сондай-ақ Алматыдан ҚР ТЖМ №28237 әскери бөлімінен жеткен 50 сарбаз қиын учаскелерде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар мұның алдында Ақтөбеге көмекке барған Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының орынбасары, полковник Нұрлыбек Айжарықов бастаған топ (52 адам, 5 техника, 8 су соратын мотопомпа) 3 сәуір күні Батыс Қазақстанға келіп, апаттық-құтқару жұмыстарына кірісіп кетті.

Самара
Фото: ҚазАвтоЖол ҰК АҚ БҚОФ

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 3 сәуір күнгі сағат 20.00-дегі мәліметі бойынша Жайық өзені Бәйтерек ауданы Январцев ауылы тұсында 705 сантиметрге (+13, қауіпті шегі – 1250 см) жетті. Жайық өзені сәуір айының екінші жартысында тасыған жағдайда Орал қаласы, Бөрлі ауданы Димитров, Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылдарына, жайылмаларда орналасқан барлық саяжайларға қауіп төнеді.

тасқын
Фото: Қазталов ауданы әкімдігі

Сол секілді Шаған өзені Чувашин елді мекеніндегі гидробекетте кеше су деңгейі 1 928 сантиметрді (+11, 1280-1300 см) көрсетті. Шаған өзені 5-7 сәуір аралығында тасуы мүмкін. Онда Бәйтерек ауданы ауылдары мен саяжай алқаптарына қиын тиеді. 

Су тасыды
Фото: Бөрлі ауданы ТЖБ

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, облыс орталығында 429 адам эвакуациялық пунктілерде жатыр. Деркөл кенті мәдениет үйі мен «Орал» спорт кешені лық толған. Облыстық олимпиада резерві мамандандырылған мектеп-интернатындағы пункт те толуға жақын. Олардың бәрі үш мезгіл ыстық тамақпен, қажетті гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Тағы екі эвакопункт бар, егер олар да толса, тағы үшеуі жасақталады.

су тасқыны
Фото: БҚО ТЖД
су тасқыны
Фото: БҚО ТЖД

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Жайық өзенінің деңгейі 850 сантиметрге жетуі ықтималдығын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар