БҚО-да су тасқынына байланысты жалған ақпарат таратқан тұрғынға айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданының №2 аудандық сотында Р. деген азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. 

Су тасқыны
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы 4 сәуірде WhatsApp әлеуметтік желісіне мониторингі жасау барысында аудиожазбаның таралғаны анықталды.

«Онда аталған азамат БҚО ТЖ департаментіне қоңырау шалып, 5 сәуірде Желаев, Байқоныс, Коминтерн, Мичурин, Рыбцех, Қазақ ауыл кенттерінде су тасқыны күтілетіні туралы ескерткенін айтқан. Сондай-ақ аудиожазбада Жайық өзені 10 метрге дейін көтеріліп, қауіпті шегінен 1,5 метрге асып кететіні және аталған кенттердің тұрғындарын эвакуациялау жүргізілетіні хабарланды. Осылайша, ер адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берді. Яғни, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жағдай жасайтын интернет-кеңістіктерде жалған ақпарат таратуға жол берді. Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 73 840 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзені Орал қаласы тұсында 10 метрге көтеріледі деген ақпараттың жалған екенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар