БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсететін мобильді пункт ашылды

Қабылдау
Фото: Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға құқықтық көмек көрсететін 4 көшпелі мобильді қабылдау пунктін құрды.

Прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта 24 бау-бақша серіктестігі мен Круглоозерное ауылын қосқанда 94 азамат қабылданып, құқықтық кеңес алған.

Орал
Фото: Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы

«Тұрғындар эвакуациялау, әлеуметтік төлемдер көрсету, судың келуі, залалдың орнын толтыру, несиені кейінге қалдыру және жер учаскесін ресімдеу мәселелері бойынша жүгінді», — делінген хабарламада.

Қабылдау барысында тұрғындарға төлемдер тәртібі және эвакуациялық пункттердің орналасқан жері түсіндірілді.

Саяжай
Фото: Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы

«eGOV» мобильді қосымшасы арқылы залалды өтеуге өтінім беруге көмек көрсетілді.

Мәлім болғандай, «Кабачок» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары су басқан үйлерден мүлікті құтқару жөнінде көмекке жүгінген. 

«Көшпелі қабылдау орталығында ТЖД-нің қызметкерлері де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нұсқама берген. Аталған қадамнан кейін бірқатар мәселе шешілді», — деп хабарлады жергілікті прокуратураның баспасөз қызметі. 

Прокуратура мамандары Балалар құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, 2 эвакопунктте халықпен жүздесті. Оларға төлемдер мен көмек алу тәртібін түсіндірді. Эвакуация пункттері Жәңгірхан университетінің жатақханасы мен Педагогикалық колледжде орналасқанын еске сала кеткен жөн.

Құқықтық көмек
Фото: Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы

Саяжай алаптарының тұрғындарымен түсіндіру жүргізу арқылы Абай облысынан гуманитарлық көмек келу кезінде туындаған 1 келіспеушілік реттелді.

Мобильді қабылдау бөлмесі азаматтарға құқықтық көмекке жүгінуге және қолдау шаралары, мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді.

«Біз зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенімізді білдіреміз және қолдауды қажет ететіндердің барлығын мобильді қабылдау бөлмесіне жүгінуге шақырамыз. Азаматтарды қабылдау күн сайын сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін мына мекенжайлар бойынша жүзеге асырылады: 1,2,3 саяжай, ш/а. Ет комбинаты, Телецентр және Коминтерн», - деп хабарлады прокуратура. 

Соңғы жаңалықтар