БҚО-да субсидия беру кезінде мемлекетке 7 млн-дай теңге шығын келтірілген
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жәнібек ауданы прокуратурасы субсидия беру кезінде 7 миллионға жуық теңге көлемінде бюджет қаражатын теріс пайдалану деректерін анықтады.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, талдау барысында 2021-2024 жылдары 7 млн 182,505 мың теңгеге субсидияланған 389 бас малдың сақталу мерзімі қамтамасыз етілмей, ауыр шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан шығарылғаны белгілі болды.
Мысалы, шаруа қожалығы 2021 жылы 7 қазанда 50 асыл тұқымды ірі қараға 500 мың теңге көлемінде субсидия алып, малды бір жылдың ішінде дерекқордағы есептен шығарған.
Ал Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы ережеге сәйкес мал басының жыл бойы сақталуын (мал шығынының зоотехникалық нормасын қоспағанда) қамтамасыз ету міндеттелген. Яғни субсидияланған малды бір жылдың ішінде есептен шығаруға болмайды.
— Соның салдарынан мемлекетке 7 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірілді. Заңды бұзу деректері бойынша құзыретті органға тиісті қадағалау актісі енгізілді, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да субсидия беру кезінде 12 млн-ға жуық теңгенің орынсыз пайдаланылғанын жазған болатынбыз.