БҚО-да суды заңсыз пайдаланғандарға 2,5 млн теңге айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 2026 жылы суару маусымы кезінде су тұтынушылармен жалпы саны 307 келісімшарт жасалды.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Данияр Халиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде су арналары арқылы 10738,9 га жерге 41,4 млн текше метр су беруге 205, сондай-ақ тұрақты суармалы жерді (3798,9 га) суаруға 63, лиманды суармалы жер (6940 га) үшін 130 келісімшартқа қол қойылған еді.
Данияр Хамзаұлының сөзіне қарағанда, биыл филиал нысандарынан суды заңсыз пайдаланудың 14 дерегі анықталса, соның 9-ы Ақжайық, біреуі Жәнібек ауданы, төртеуі Орал қаласының үлесіне тиеді.
Суды заңсыз пайдалану дерегі бойынша 2,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
— «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы мемлекетаралық маңызы бар Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі су шаруашылығы нысандарын, Жәнібек суармалау-суландыру жүйелерін, облысаралық маңыздағы Жайық-Көшім суармалау-суландыру жүйесі мен Шаған, Шолақаңқаты, Ембулатов, Сұлусай өзендеріндегі су қоймаларын пайдаланады. Сондай-ақ филиал құрамына 7 пайдалану өндірістік учаскелері кіреді: Көшім, Киров, Дөңгелек, Жаңақала, Сарыөзен, Жәнібек, Шаған, — деді Д. Халин.
Оның айтуынша, облыс аумағында кәсіпорын теңгерімінде жалпы 110 гидротехникалық құрылым бар. Күні бүгін Барбастау өзені бойындағы 4 су қоймасын (Покатилов, Ұзынкөл, Жаңаөмір, Кемер) коммуналдықтан республикалық меншікке табыстау жұмыстары аяқталды. Су қоймаларымен қоса оларды қайта құру бойынша 4 жобалық-сметалық құжаттама да табысталды. Жобалардың жалпы құны — 4,3 млрд теңге.
Филиал мәліметі бойынша қазіргі таңда Казталов ауданында жаңадан салынатын Жалпақтал су қоймасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны — 8,2 млрд теңге. Су ресурстары және ирригация министрлігімен жоба құрылысына мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Сексенбай су қоймасы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды, алайда оған мемлекеттік сараптаманың теріс қорытындысы берілді (су жинау сыйымдылығы — 8 млн текше метр). Тапсырыс беруші — Су шаруашылығы комитеті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда су үнемдеу мәселесін қалай шешуге болатынын жазған едік.