БҚО-да суға кетіп қалған баланың денесі іздестірілуде
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 11.08-де Қазталов ауданы Тереңкөл ауылдық округіне қарасты Минаж қыстағы маңында мал бағып жүрген 2001 жылғы баланың Сарыөзенге кетіп қалғаны жөнінде мәлімет түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Баланың жанында ешкім болмаған, киімі өзен жағасында қалған.
«Орал қаласынан келген сүңгуірлер баланың денесін іздестіруде. Әлі табылған жоқ», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне кешкісін аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Абай Нәсіпов.
Еске сала кетейік, кеше сағат 18.10 шамасында Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылы тұсында Жайық өзеніне 1999 жылғы Н. деген тұрғын батып кеткен болатын.
Биыл осыған дейін облыста төрт адам суға кетсе, соның үшеуі кәмелетке толмағандар болып отыр.