БҚО-да тағы екі адам суға кетті
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиғаның біреуі Қаратөбе ауданында 17 мамыр күні орын алды.
Қаратөбе ауылдық округінде 2007 жылғы бала (6-сынып оқушысы) сағат 21.30-да Қалдығайты өзеніне батып кеткен. Ол шомылуға жабдықталмаған жерден суға түскен әрі жеке құтқару құралы болмаған. Марқұмның денесі ТЖ қызметкерлерінің күшімен 22.35-те шығарылды.
Екінші оқиға 15 мамыр күні Бәйтерек ауданы Макаров ауылында болды. 1995 жылғы өзбекстандық азамат сағат 20.20-да Шаған өзенінен шықпай қалған. Жеке құтқару құралы болмаған ол да шомылуға жабдықталмаған жерден түскен. Құтқарушылар оның денесін 21.30-да алып шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақжайық ауданында балық аулауға барған ер адамның суға кеткенін жазған болатынбыз.
Жалпы, Ақжайық ауданында биыл төрт адам суға кетсе, соның біреуі - 2008 жылғы оқушы.