БҚО-да тасқыннан жапа шеккен 1 690 адамға 612 млн теңге материалдық көмек көрсетілді

өтемақы
Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 8 658 өтінім түсті.

БҚО прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін 1 690 адамға 612,6 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 

Оның сөзіне қарағанда, қалған өтінімдер кезең-кезеңмен шешіледі. 

Облыс бойынша 413 тұрғын үй қалпына келтірілуге жатады. Суға кеткен нысандардың көпшілігі тексеріліп, олар бойынша жобалау жоспарлануда.

Осыдан кейін үйлерді салу және жөндеу басталады. 

Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру үшін құқықтық негізді үкімет белгіледі.

Сонымен қатар төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидалары айқындалды.

«Облыс прокуратурасы зардап шеккендердің мәселелерін жедел шешу үшін 17 сәуірден бастап Орал қаласының су басу орындарында автобустар базасында 4 мобильді қабылдау бөлмесін ұйымдастырды. Оған әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысады. Бүгінгі таңда 25 бау-бақша серіктестігінің мыңға жуық тұрғынына құқықтық көмек көрсетілді. Су басқан бау-бақша серіктестіктерінің 15 азаматына (мүлікті құтқару үшін қайық беру және eGov порталы арқылы залалды өтеуге өтінім ресімдеу) жәрдем берілді. Орал қаласында эвакуациялық пункттерде залалды өтеуге өтінім беру ережесі бойынша буклеттер орналастырылған», деді Д.Омарғалиев.

Облыс прокуроры бірінші орынбасарының айтуынша, құқық қорғау органдарының күшімен зардап шеккендердің мүлкін сақтау қамтамасыз етілді.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кейбір жеке тұлғалар рұқсат етілмеген наразылық акцияларына шақырып, жалған ақпарат таратады, сондай-ақ ұлттық негізде арандатуға барады.

Мұндай бұзушылықтар үшін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік және айыппұл немесе қамауға алу түріндегі жазамен әкімшілік жауапкершілік көзделген. 

«Су тасқыны кезеңінде аталған деректер бойынша 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде біреуі қоғамдық орында жеке тұлғаларға тиіскен. Екіншісі ұлтаралық және әлеуметтік алауыздықты қоздырған. 2 адам жалған ақпарат таратқан. Тағы үшеуі көлік құралдарының қозғалысын шектеген. Осыған орай тұрғындарға барлық проблемалық мәселелерді құқықтық негізде шешу керектігін еске саламын. Бұл үшін барлық жағдай жасалған және тек ресми көздерден алынған ақпаратқа сену керек», деді Д.Омарғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мал шығыны бойынша өтемақы қалай беріліп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар