БҚО-да Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Жауқазын - 2016» жобасы жүзеге асырылуда (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қолға алынған «Жауқазын - 2016» жобасы аясында Ақжайық ауданы балалар шығармашылығы орталығы суретшілері мен қолөнер шеберлерінің «Ұлы елдің ұланымыз» атты көрмесі ашылды.
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл - таңдаулы туындыларын ұсынып отырған алғашқы аудан. Тәуелсіздік тойына орай 25 жас дарынды анықтауды мақсат еткен жобаға барлық ауданнан үміткерлер қатысып, шара желтоқсан айында қорытындыланатын болады.
Көрменің ашылу рәсіміне қатысқан Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматованың атап өткеніндей, аталмыш жоба ел ішіндегі талантты жастарды тауып, еңбектерін елеп, ынта-жігерлерін арттыруға септесетіні анық.
Ақжайық ауданының көрмесінде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетіне, тәуелсіз елдің бел-белестеріне қатысты кескіндеме, графика, мүсін, фотосуреттер, зергерлік, сәндік-қолданбалы және ағаш, киізден жасалған түрлі бұйымдар қойылған. Көрме 8 сәуірге дейін жұмыс жасамақ.