БҚО-да Теңіз кен орнынан келген тағы бір адамнан коронавирус анықталды

8 мамыр күнгі соңғы деректерге сәйкес, Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың жаңадан 40 жағдайы тіркелді. Оның ішінде БҚО-да 1 науқас анықталды.
БҚО әкімдігінен мәлім еткендей, ол – Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жұмыс істейтін Орал қаласының 52 жастағы тұрғыны.
Көрші аймақтан келуіне байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған.
«ПТР-диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланып, ол облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Науқаспен байланыста болғандар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді», - делінген ақпаратта.
Осылайша БҚО-да індетке шалдыққандардың жалпы саны 218-ге жетіп, соның 72-сі жазылып шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ға Теңіз кен орнынан келген 1700-ден астам адамның карантинге жатқызылғанын жазған болатынбыз.
Теңіз кенішінде карантин жариялануына байланысты 20 сәуірден бері сонда жұмыс істейтін адамдар өңірлерге қайтарылуда.
Содан бері Теңізден БҚО-ға келгендер арасынан осымен 21 адамнан коронавирус табылды.