БҚО-да түнде жоғалып кеткен балықшы аман-есен табылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында түнде жоғалып кеткен балықшы аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Ақжайық ауданында болды.
9 қараша күні сағат 06.55-те балықшының жоғалып кеткені жөнінде хабар түскен. Ол Алғабас ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан Киров су қоймасында түнде қайықпен кеткеннен оралмаған.
Құтқарушылар сағат 13:05-те балықшыны қамыстың арасынан тауып, жәрдем көрсетіп, жылытты.
Балықшы жедел қимылдап, өзін құтқарған ТЖ қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Биыл өңірде 3 балықшы суға кетіп, алтауы құтқарылды. Өткен жылы осы кезеңде 8 балықшы суға кетіп, екеуі құтқарылған болатын.
БҚО ТЖ департаменті адам қазасына жол бермеу мақсатында су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қатты желден көлдің ортасына кетіп қалған екі балықшының құтқарылғанын жазған болатынбыз.

